Емшекпен емізу апталығы
- 05 August 2025
Дүниежүзілік емшекпен емізу апталығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бастамасымен жыл сайын 1–7 тамыз аралығында өткізіледі. Бұл апталықтың негізі 1990 жылы ДДҰ мен ЮНИСЕФ қабылдаған Инноченти декларациясына байланысты қаланды. Аталған декларация емшекпен емізуді қорғауға, қолдауға және ынталандыруға бағытталған.
Бүгінде Емшекпен емізу апталығы әлемнің 170-тен астам елінде өткізіледі. Негізгі мақсаты — аналарды емшек сүтінің бала денсаулығына тигізетін пайдасы туралы ақпараттандыру.
Дүниежүзілік емшекпен емізуді қолдау альянсының (іс-шараның үйлестірушісі) деректеріне сәйкес, емшекпен емізу — нәрестелерді қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етудің ең жақсы тәсілі. Емшек сүті – сәбилерге арналған мінсіз тағам. Ол қауіпсіз, зиянсыз әрі құрамында көптеген жұқпалы аурулардан қорғайтын антиденелер бар.
ДДҰ 6 айға дейін тек емшек сүтімен қоректендіруді ұсынады, ал одан кейін — қосымша тағаммен бірге жалғастыру қажет. Сонымен қатар, ДДҰ мамандары баланы туғаннан кейінгі алғашқы сағат ішінде емізуді бастау керектігін айтады.
Емшек сүтімен қоректенген балалардың зерделік қабілеті жоғары, артық салмақ пен семіздікке сирек шалдығады, әрі кейінірек қант диабетіне шалдығу қаупі төмен болады. Сонымен бірге, бала емізетін әйелдерде сүт безі мен аналық без обырының даму қаупі азаяды.
Дүниежүзілік емшекпен емізу апталығы аясында ШЖҚ "№1 Қалалық емхана" КМК-де "Емшекпен емізу — балалар денсаулығының кілті" ұранымен Ұлттық бағдарлама өткізілді.
Бағдарлама аясында:
- Болашақ аналарға және бала емізетін әйелдерге арналған жеке кеңестер берілетін Ашық есік күні ұйымдастырылды (ананың жеке ерекшеліктерін, баланың анатомо-физиологиялық даму жағдайын, мүмкін болатын асқынулар мен қауіптерді ескере отырып, 2 жасқа дейін емшекпен емізуді сақтау мақсатында);
- Отбасын жоспарлау кабинетінде емшекпен емізу тақырыбында сабақтар өткізілді;
- Босануға дайындық сабақтарында емшекпен емізуге арналған шеберлік сағаты ұйымдастырылды;
- Аймақтық учаскелерде емшекпен емізу, 6 айдан бастап қосымша тамақтандыру, сондай-ақ 2 жастан бастап емшек емізуді тоқтату мәселелері бойынша әңгімелер өткізілді.